Вы здесь

2019 жылдың 3 қазаны күні сағат 16:00-де Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы "Ұлағат" шығармашыл жастар клубының ұйымдастыруымен Қарағанды облыстық "Дарын" мамандандырылған мектеп-интернатының жиын залында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Шабыт" халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, журналист Руслан Нұрбаймен қала жастарының кездесу кеші өтті.Кештің модераторы ақын, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының маманы Қайрат Асқар болды.

Кездесу кеші Руслан Нұрбайдың өз өмірі мен шығармашылығына жалпы шолу жасаумен басталды. Көрермендер ақындық өнер мен журналистиканың ара жігі туралы, қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі, аға буын мен жас толқынның арасындағы рухани сабақтастық жайлы сұрақ-сауалдар қойып, оларға тұшымды жауап алды.

Одан кейін кеш қонағы өз өлеңдерін оқып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Алдымен сезім күйлерін жырлаған лирикалық өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, кейін азаматтық, патриоттық тақырыптағы поэзияға ойысты.

Өз кезегінде "Дарын" мектебінің оқушылары Есей Ермек, Төкенов Мирас, Қабыкенова Арайлым, Омарова Бақгүлім, Өмірхан Күнайымдар ақын ағаларының туындыларын мəнеріне келтіріп оқыды.Əрі қарай кеш қонағы тағы да топтама өлеңдеріне кезек беріп, қазіргі қоғам, өнер, руханият, мəдениет, ұлттық рух жайлы ойларын ортаға салды.Кеш соңында мектеп директоры Темерханова Лазат Аскаровна мен қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Əбикенова Жанат Кабденовна сөз алып, кездесу кешіне жоғары баға беріп, қонақтарға айрықша ықыласпен алғыстарын білдірді. Шырайлы өлең кеші көрермендер мен қонақтардың естелік суретке түсуімен түйінделді.

  

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбаймен кездесу кеші